Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) Спорттық бизнес және туризм департаменті студенттеріне арналған білім беру және кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында спорттық туризмді, спорт менеджментін және халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған қонақ дәрісі өтті. Дәрісте Қазақстанның мас-рестлинг (таяқ тарту) федерациясының қызметі негізге алынды.
Дәріс барысында Қазақстандағы мас-рестлингті дамытудың стратегиялық бағыттары, оның ұлттық және халықаралық спорт түрі ретіндегі әлеуеті, сондай-ақ балалар, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында танымал ету мүмкіндіктері қарастырылды.
Халықаралық дәрежедегі турнирлерді ұйымдастыру тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Астанада әртүрлі елдердің мектеп оқушылары мен студенттері арасында өткен халықаралық мас-рестлинг турнирінің мысалында қатысушылар спорт менеджментінің ерекшеліктерімен, халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерімен, ауқымды спорттық іс-шараларды ұйымдастыру, қатысушылар мен серіктестерді тарту және халықаралық жарыстар арқылы спорттық туризмді дамыту жолдарымен танысты.
Сонымен қатар дәріс аясында келесі мәселелер талқыланды:
- халықаралық спорттық іс-шаралардың Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырудағы рөлі;
- халықаралық спорттық турнирлерді өткізудің ұйымдастырушылық және басқарушылық қырлары;
- балалар және жастар спорттық туризмін дамыту;
- халықаралық ынтымақтастық және мас-рестлингті ілгерілету перспективалары;
- студенттерді спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және спорт индустриясын дамытуға тарту мүмкіндіктері.
Қонақ дәрісінің спикері:Абдрахманова Г.Т. – халықаралық турнирдің президенті, Халықаралық мас-рестлинг федерациясының (Якутия) мүшесі, Қазақстан мас-рестлингі федерациясының мектеп оқушылары мен балалар арасындағы аффилиирленген орталығының президенті, ғылым докторы, KNUS департаментінің қауымдастырылған профессоры.
Қонақ дәрістің мақсаты – студенттердің спорт менеджменті мен спорттық туризм саласындағы кәсіби құзыреттерін кеңейту, халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру тетіктері туралы практикалық түсінік қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық жарыстар өткізу алаңы ретіндегі әлеуетін таныту.
Қонақ дәріс кәсіби тәжірибе алмасуға, спорт индустриясын дамытудың перспективаларын талқылауға және болашақ мамандардың халықаралық спорттық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған алаң болды.