Абай облысында білім беру ұйымдарының дене шынықтыру пәні оқытушылары арасында «Мас-рестлинг ұлттық және заманауи спорт түрі ретінде: мас-рестлингті енгізу және дамыту бойынша жұмыс тәжірибесі» тақырыбында семинар-практикум өтті.
Іс-шара мас-рестлингті оқушылар мен жастар арасында кеңінен насихаттауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және осы спорт түрін білім беру үдерісіне енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Семинар барысында қатысушылар мас-рестлингтің тарихы мен ерекшеліктерімен, негізгі ережелерімен, базалық техникалық әдістерімен және тактикалық тәсілдерімен танысты. Алынған білімді тәжірибеде қолдануға, оқыту әдістемесіне және мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында мас-рестлинг сабақтарын ұйымдастыру жолдарына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар мас-рестлингті дамытудың өзекті бағыттарын, балаларды спортқа тартудағы дене шынықтыру пәні оқытушыларының рөлін және ұлттық спорттық дәстүрлерге деген қызығушылықты қалыптастырудың маңызын талқылады.