Saginov Technical University базасында мас-рестлинг бойынша семинар-практикум өтті.
Saginov Technical University (ҚарТУ) базасында «Мас-рестлинг ұлттық және заманауи спорт түрі ретінде: базалық техника мен тактиканы тәжірибелік меңгеру» тақырыбында семинар-практикум өтті. Іс-шара мас-рестлингті кеңінен насихаттауға және жастардың осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Семинарға Қарағанды облысының мектептері мен колледждерінің дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен білім алушылары қатысты.

Семинарды Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бас директорының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Дрейт, AGT Global компаниясының бас директоры әрі Қазақстандағы мас-рестлинг қозғалысының жетекшісі Гүлнар Абдрахманова, сондай-ақ арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өткен ҚарТУ дене шынықтыру кафедрасының оқытушылары өткізді.

Іс-шара барысында қатысушылар мас-рестлингтің тарихы мен дамуымен танысып, оның негізгі ережелерін, базалық техникалық әдістері мен тактикалық ерекшеліктерін меңгерді. Дене шынықтыру кафедрасының меңгерушісі Рустем Окашев спорт түрінің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндаса, оқытушылар Вячеслав Чжен мен Руслан Саденов негізгі техникалық әдістерді көрсетіп, жекпе-жек өткізу ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар «Жастар әлемі» сахнасында көрсетілімдік жекпе-жектер ұйымдастырылды.

Университет атынан Басқарма мүшесі – әлеуметтік-тәрбие ісі жөніндегі проректор Абай Қалықов қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ол университеттің бәсекеге қабілетті мамандар даярлаумен қатар, студенттердің шығармашылық, мәдени және спорттық дамуына да ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сондай-ақ мұндай іс-шаралардың мас-рестлингті кеңінен таратудағы маңызын жеткізді.

Біз үшін осындай семинарларды өткізу – Қазақстанда мас-рестлингті дамыту жолындағы маңызды қадам. Біз жастарды осы динамикалық спорт түрімен таныстыруға, педагогтер мен жаттықтырушылардың кәсіби дайындығын қолдауға, тәжірибелік оқыту мүмкіндіктерін кеңейтуге және мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында мас-рестлинг қозғалысын дамытуға ұмтыламыз.
Бүгінде мас-рестлинг әлемнің көптеген елдерінде дамып, Қазақстанда да кеңінен танылып келеді. Алдағы уақытта спортшыларды іріктеу кезеңдері мен республикалық жарыстар өткізіліп, қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады.

Іс-шара соңында мектептер мен колледждердің білім алушыларына университет бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олардың сұрақтарына жауап берілді. Семинар-практикумға қатысқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сертификаттар табысталды.

Біз мас-рестлингті танымал ету, білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту және балалар мен жастарды спортқа, белсенді өмір салтына тарту бағытындағы жұмысын жалғастырамыз.